Жаңалықтар

Қазан 13, 2017

Асанғазы Оразкүл Асанғазықызымен кездесу

 

Алматы қаласы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың қолдауымен  Алматы Менеджмент Университетінде 6 қазан күні  Асанғазы Оразкүл Асанғазықызымен кездесу болып өтті.

Іс-шараның мақсаты «Рухани жаңғыру» аясында жастарды ана тілін дамытуға шақыру, тілсіз ел жоғалатынын түсіндіріп,  қазақ тілін насихаттау. Кездесудің негізгі концепциясы: «Тіл - ұлттың коды» идеясы.

Бұл жиынға  Алматы Менеджмент Университетінің  жəне Алматы қаласының белсенді студенттері, біршама журналисттер, жас блогерлер жəне Алматы қаласы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының қызметкерлері  қатысты.  Жалпы кездесуге барлығы 150-ден астам адам қатысты. Кездесу модераторы  - АlmaU Университетінің оқытушысы, халықаралық деңгейдегі бизнес - тренер  Жұмақаева Бахыт Даулетхановна болды.

Сөз басын рухты, жалынды   ұранмен бастаған Оразкүл Асанғазықызы жастарға тіл қасиетін ұғындыру мақсатында өзінің жүрегінен шыққан жалынды идеялар мен терең ойларды ортаға салды. «Кез келген ұлттың рухы мықты болса, тілі де мықты болады. Тіл деген  - ұлттың жаны, рухы. Ұлттық қасиет ұлттың тілінде сақталады. Ең бай тіл бірінші - араб тілі, екінші – ағылшын тілі болса, үшінші – қазақ тілі. Қазақ тілі əрі мемлекеттік, əрі анаңның тілі. Рухым жаңдансын десең, алатын биік мақсатқа жетемін десең барлық іс-тірлігімізді мемлекеттік тілде жасау керекпіз» - деп айтып өтті. Оразкүл апайдың  ұлтқа деген сүйіспеншілігінің өзі жастарға үлгі болды. Сөзін «Қазақ болып жаратылғаннан кейін,  қазақша сөйлесіңіздер екен» дей келіп, әрі қарай студенттердің және келген қонақтардың сұрақтарына жауап берді.  «Сіздің бағындырған белесіңіз бен алған асуыңыз асуларыңыз баршылық, дегенмен алдағы уақытта қандай ортаны бағындырмақ ойыңыз бар?» деген сұраққа  Оразкүл Асанғазықызы «қалған өмірімді, Алла қанша ғұмыр берсе, сонша ана тілімді, төл мәдениетімізді насихаттауға арнағым келеді»- деп жауап берді.

Айта кететін жайт, қарастырылып отырған мәселе өзінің өзектілігімен  студент жастардың қатты қызығушылығын туғызып, кездесу соңы  қызу  пікірталасқа ұласты.   Студенттердің сұрақтары да көп болды.

Осындай нағыз қазақ үшін еңбек етіп келе жаткан азаматтарымыз бен азаматшаларымыздың насихатын естіп, осындай жалынды кездесулерден нәр алу -  рухани жаңғыру барысында ұрпақтан ұрпаққа берер аманат  екендігі сөзсіз.

Кененбай Айнура

Жумакаева Бахыт

 

Бөліс: